Ленин және Рубина
Достық даңғылы – Алматыдағы негізгі көшелердің бірі. Бұрын бұл көшеге совет мемлекетінің негізін қалаушы Владимир Лениннің есімі берілген. Совет одағы тарағаннан кейін, 1990 жылдардың орта тұсында даңғыл Достық деп аталды.
Жақында осы даңғылдың бойында ашылған жаңа дәмхананың иелері сол бір кезді еске алып, қазіргі мекенжай мен бұрынғы атауды біріктірді де, дәмхананы Lenina 36 деп атады.
Бұл идеяны ұнатпағандар көп болды. Әдеттегідей наразылық әлеуметтік желіге ойысып, даулы дискуссияға ұласты. Қарсы болғандар Ленин Ресей империясының Қазақстандағы колониялық саясатын жалғастыруға үлес қосты, оның мұрасы даулы деумен болды. Сөйтіп дәмханаға бойкот жариялау үндеулері айтыла бастады.
Дәмхана атауын қорғап шыққандар да байқалды. Олар Ленин даңғылы бойында өткен қызықты балалық шағын еске алды.
Threads желісіндегі талқы картографиялық 2gis онлайн-платформасына өтті.
"Мекемеге минус. Клиенттерге нашар бейімделген. Бұл жердегі жазбаларды бізді кім деп атамады?! Мәмб*т деді, калб*т деді. Мұны істеп отырғандар тарихымызға деген құрметсіздігін тағы бір көрсетті. Бұл атау тәуелсіздік құндылықтарын қастерлейтін адамдарды қалай қорлайтынын сіздер көрмей отырсыздар. Бәлкім, сіздердің ата-бабаларыңыз зардап шекпеген шығар, сондықтан бәрібір деп ойлайтын боларсыздар. Сондай-ақ, адамдарды "тұрғылықты" және "тұрғылықты емес" алматылықтар деп бөлесіздер. Бұл дискриминация емей немене? Өздеріңіз тұратын қоғамды, тәуелсіздік құндылықтарын және халқымыздың тарихын құрметтеу керек", деп жазды Айгүл Қасенова есімді желі қолданушысы.
"Ескі Алма-Атағы қатысы жоқ, қаламыздың тарихы мен болмысын білмейтін надан адамдарға бола дәмханаға төмен баға қойған дұрыс емес", – деп жазды Adele Thomas есімді желі қолданушы.
Осы даудан соң дәмхананың онлайн рейтингі құлдырап, иелері "жайлылық пен ашықтық идеясын" сақтау үшін атауды өзгертеміз деп мәлімдеді. Көп ұзамай дәмхана IVA деп атала бастады.
"Құндылық өзгерісі"
Санаулы күн бұрын тағы бір оқиға болды. Израильдік жазушы Дина Рубинаның сұхбаты жарияланғаннан кейін оның Алматы, Ташкент және Тбилиси қалаларындағы әдеби кештері өтпейтін болып қалды. Бұған Ташкентте туған, орыс тілінде жазатын жазушының палестиналықтар мен Газа секторына қатысты айтқан пікірі себеп болды. Сыншылар бұл пікір орынсыз, оған бейжай қарауға болмайды деді.
Алматылық дәмхана да, израильдік жазушы да "кәнсілдеу" немесе "болдырмау мәдениетінің" (ағылшынша to cancel – "болдырмау") нысанына айналды. Бұл – Батыста пайда болған қоғамдық құбылыс. Оған ұшыраған адамдар немесе ұйымдар қандай да бір әрекеті не сөзі үшін оқшауланып, шеттетіледі. "Кәнсілдеуге" тап болғандарға бойкот жарияланады, олармен әріптестік үзіледі, қолдау азаяды. "Кәнсілдеу" кейде уақытша болады, кейде ұзаққа созылады.
Қазақстандық әлеуметтанушы, Paperlab зерттеу орталығының директоры Серік Бейсембаев кәнсілдеуді технология мен ақпарат қолжетімдігінен туған құбылыс деп сипаттайды. Оның айтуынша, бұл құбылыс Қазақстанда әлеуметтік желілер дамыған сайын күшейе түсті.
Бейсембаевтың байқауынша, "болдырмау мәдениеті" Қазақстан қоғамында көбіне мемлекеттік тілге көзқарас, Ресей мен Украинадағы соғыс, дін, тұрмыстық зорлық-зомбылық, гендер теңдігі сияқты мәселелерде жиі қылаң береді. Әлеуметтанушы бұл тақырыптар "құндылықтар алмасуы" немесе "болмыс қақтығысы" жиі байқалатын салалар болғандықтан, қоғамда дау-дамай тудыруы мүмкін дейді.
– Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде бізде тарих туралы өз көзқарасымыз қалыптасты. Ленин енді колониялау, қуғын-сүргін, Ашаршылық (1930-жылдардағы аштық – ред.) секілді, яғни совет дәуірінде бастан кешкен барлық қасіретпен ассоциацияланады. Сондықтан мұндай атаумен шыққан мекеме қоғамның өткенге өзгеше көзқараспен қарайтын белсенді бөлігінде қарсылық туғызуы заңды. Біздің мемлекет осы жылдар бойы нақты ұстаным білдірмей, "анаған да, мынаған да жақ емес" деген саясат ұстанып келді. Соның салдарынан қоғамда қақтығысқа бейім болмыс қалыптасты – пікір алуандығы көп, бірақ ол әлі нақты құрылымданбаған, – деді Серік Бейсембаев.
Қазақстандағы "кәнсілдеу мәдениетінің" қысқа тарихы
Қазақстандағы "кәнсілдеу мәдениетінің" өзге мысалдарын іздеуде алысқа барудың қажеті жоқ.
2020 жылғы қарашада Алматыда тұрмыстық техника мен электроника сататын Sulpak дүкенінің жанында Қызыл кітапқа енген ағаштардың оталуы қала тұрғындарының ашуын туғызды. Жұрт бұл дүкенді бойкоттауға шақырды.
2022 жылдың күзіне қарай Chocofamily компаниясының басшысы Рамиль Мухоряпов халықтың қазақ тілінде сөйлейтін бөлігі туралы айтқан сөзінен кейін сынға ұшырады. "Кәнсілдеу" тек Мухоряповтың өзіне ғана емес, компанияға да бағытталды (қызметтер туралы ақпараттың қазақ тілінде болмауына байланысты). Компания кеңсесінің алдында пикет өтті, ал әлеуметтік желі қолданушылары жұртты Chocofamily өнімдеріне бойкот жариялауға үндеді.
2024 жылдың аяғында Астанадағы кофехана Алматыдағы дәмхананың күйін кешті. Qazaq coffee кофеханасы әкімшілігінің "қызметкерлер қазақ тілінде сөйлеуге міндетті емес" деген мәлімдемесінен кейін сын астында қалды.
Биыл көктемде Алматыдағы ірі сауда желісі Magnum гипермаркетімен байланысты оқиға да дауға ұласты. Тапсырысты жеткізген курьер клиенттен қазақ тілінде сөйлеуді талап еткен. Бұл жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланып, түрлі пікір туғызды. Ақырында курьер жұмыстан шығарылып, бұл шешім пікірталасты одан әрі өршітті. Кейін курьер мен клиент татуласып, компания кешірім сұрады.
"Бизнес қай жерде жұмыс істейтінін түсінуі қажет"
Reputation Lab консалтинг компаниясының өкілі, стратегиялық коммуникация маманы Алексей Сорокиннің пікірінше, кәсіпкерлердің "кәнсілдеуге" ұшырауына себеп болатын қателіктерінің көпшілігі жүйелі ойлау мен нарықты зерттеудің – яғни, бизнестің жұмыс істейтін және сол арқылы өмір сүріп жатқан қоғамды түсінудің болмауынан туындайды.
– Әрине, әрбір компанияда демографияны, әлеуметтік топтарды қамтитын зерттеулер жүргізетін күш бола бермейді. Бірақ ашық, әркімнің қолы жететін статистикалық ақпарат өте көп. Мысалы, мен 2000-жылдардың басынан бастап клиенттеріме мемлекеттік тілдің маңызын айтып келемін. Егер бизнес табысты жұмыс істегісі келсе, өнім мен қызмет қазақ тілінде болуы керек. Өйткені бұл – қоғамымыздың болашағы. Мұны ескермейтін бизнес тұтынушыларынан айырылып, зардап шегеді, – деді Сорокин.
Оның айтуынша, кәсіпкерлердің көбі интернеттегі қоғам пікірімен қалай жұмыс істеу керегін білмейді.
– Көптеген кәсіпкер пікірлер жүйесімен қалай дұрыс жұмыс істеу керегін түсінбейді. Егер он тұтынушы сізге бір нәрсенің дұрыс емес екенін айтып, ал сіз ештеңе өзгертпесеңіз, сіз тұтынушының сұранысын қанағаттандырмайтын нашар кәсіпкерсіз. Бизнес өзін вакуумда жұмыс істеп жатқандай сезінбеуі керек. Идея ойлап табуға болады, бірақ егер оны қоғам қабылдамаса, яғни сіздің табысыңыз тәуелді болып отырған тұтынушылар қоғамы қарсы болса, онымен күресу – үлкен қателік болады, – дейді Сорокин.
"Азаматтық белсенділік көрсеткіші"
Қазақстанда "кәнсілдеуге" жекелеген адамдар да ұшыраған. Биыл көктемде белгілі қазақстандық заңгер Ержан Есімханов Threads әлеуметтік желісіндегі жазбасынан кейін дауға қалды. Оның сөзін кей адамдар қазақ тілін кемсіту деп қабылдады. Осы оқиғадан соң бұрын жиі сұхбат беріп жүрген Есімханов баспасөз құралдарынан сирек көріне бастады.
Осы жылы көктемде қазақстандық актер Серік Шәріп бұрынғы сүйіктісін соққыға жыққаны үшін бес күнге қамалды. Осы оқиғадан кейін Salem Entertainment компаниясы онымен әріптестігін тоқтатты. Кейінірек пиар маманы Әлішер Елікбаев актерден сұхбат алып, өзі де сынға ұшырады. Қоғамда бұл сұхбатта журналист Шәріптің әрекетін ақтап отыр деген пікір тарады.
Әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың пікірінше, кәнсілдеу – азаматтық белсенділіктің көрінісі. Адамдар әлеуметтік желілер – күш екенін, бірігіп әрекет ету арқылы қоғамдағы жағдайға ықпал етуге болатынын түсінді дейді ол.
Сарапшы сонымен бірге Қазақстанда пікір білдірудің басқа қауіпсіз жолдарының жоқтығы да бұл құбылыстың күшеюіне ықпал еткенін айтады.
– Адамдар сайлау, сот немесе құқық қорғау органдары арқылы әсер ете алмаған жағдайда, "кәнсілдеу" өзгеріске қол жеткізудің жалғыз амалына айналады. Мысалы, бір оқиға болады, ол қоғамда үлкен резонанс тудырады, ал шешім қабылдайтындар оны елемей қоймайды. Сондықтан дәл біздің жағдайымызда "кәнсілдеу" – өте қуатты құрал. Барлық тетік тығындалғанда, қоғамда бу жинала береді де, бір оқиға жарылысқа себеп болады. Өйткені бізде басқа жол жоқтың қасы, – дейді Бейсембаев.
ПІКІРЛЕР