Павлодар облысында "Богатырь Көмір" карьерінде бір жұмысшы қаза болды

Павлодар облысында "Богатырь Көмір" карьерінде бір жұмысшы қаза болды. Orda-ның жазуынша, оқиға 5 тамызда болған.

Компанияның хабарлауынша, 5 тамызда тартушы агрегат жүргізушісін тоқ соғып, қаза болған. Оқиға орнына жедел жәрдем көлігі барғанға дейін ер адам сол жерде жан тапсырған.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің дерегінше, қаза болған адам 42 жаста. Оқиғаны арнайы комиссия тергеп жатқаны хабарланды. Сот-медицина сараптамасы тағайындалған.

Кәсіпорын өкілдері марқұмның отбасына барлық көмекті беруге уәде берген.

Бірнеше күн бұрын ғана осы карьерде 32 жастағы электр слесары өндіріс кезінде ауыр жарақаттанғанын жергілікті БАҚ жазған. Ол биіктен құлаған. Мемлекеттік инспекция комитеті тексеріс бастағанын хабарлаған.

"Богатырь Көмір" кәсіпорнының әлеуметтік есебіне сәйкес, кейінгі үш жылда кәсіпорында өндіріс кезінде кемінде алты адам қаза болған.

"Богатырь Көмір" – қазақстандық «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен ресейлік «РусАл» компанияларының біріккен кәсіпорны. 2002 жылы компания Қазақстан үкіметімен «Богатырь» және «Северный» кеніштерінің құрамындағы Екібастұз көмір кен орнын 45 жыл игеру туралы келісім-шартқа отырған. Компания үлесіне Екібастұз көмір алабында өндірілетін көмірдің барлық көлемінің 70%-ы тиеді.