4,2 миллиард доллардың айыппұлы: Қашағанды игеріп жатқан компаниялар Қазақстанды сотта жеңді

Каспий теңізінің Қазақстан бөлігіндегі Қашаған кен орны

Қазақстандағы Қашаған мұнай кенішін игеріп жатқан компаниялар қоршаған ортаға келтірілген залал үшін 4 миллиард доллар экологиялық айыппұл салу туралы даулы іс бойынша Астананың апелляциялық сотында жеңіске жетті. Мұндай ақпаратты аталған жобадағы серіктестердің мәлімдемесіне сүйеніп Bloomberg агенттігі жазды.

Бұған дейін Қазақстан үкіметі NCOC бойынша серіктес мұнай компанияларына 2,3 трлн теңге (2022 жылдың аяғындағы бағаммен 5,1 млрд доллар, қазіргі бағаммен – 4,2 млрд доллар) көлемінде айыппұл салуға талпынған. NCOC (North Caspian Operating Company) – Солтүстік Каспий бойынша өнім бөлісу жайлы келісім аясында құрылған оператор компания.

"Біз апелляциялық сот шешімін құптаймыз. Бұл шешім NCOC компаниясының күкіртті басқару іс-шаралары Қазақстан Республикасының заңдарына толық сай, қолданыстағы стандарттар мен халықаралық үздік тәжірибелерге сай және жауапкершілікпен іске асырылып жатқанын растайды", – делінген NCOC серіктестерінің бірлескен мәлімдемесінде.

Каспий теңізіндегі құны 55 миллиард доллар деп бағаланған Қашаған жобасын игеру ісі әу баста белгіленген мерзімінен кешігіп, шығындары артты деп жазды агенттік. Қазақстан билігі елдегі кен орындарынан түсетін табысты ұлғайтуды көздеп, NCOC серіктестерінен 160 миллиард доллардан асатын өтемақы талап етіп халықаралық арбитражға жүгінген. Бұл ақшаның басым бөлігін алынбаған пайда, ал қалған бөлігін қоршаған ортаға келтірілген болуы ықтимал зияндар мен Қазақстан тарапы күмәнді деп таныған мәмілелер салдарынан болған шығындар құрайды.

4 тамыз күні Астана қалалық сотының баспасөз қызметі жер қойнауын пайдаланушы NCOC компаниясының Атырау облысы бойынша экология департаментіне қарсы талабына қатысты сот шешімі жөнінде ақпарат таратты.

"Іс материалдарына сәйкес, уәкілетті орган нұсқама шығарған кезде Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде көзделген рәсімдік талаптарды бұзғаны анықталды. Бұл жайт даулы нұсқаманы жоюға негіз болды. Алайда бұл рәсімдік бұзушылықтар жойылуы мүмкін болғандықтан, сот Атырау облысының экология департаментіне экологиялық бұзушылықтардың мәніне баға берместен, құқықтық ұстанымды ескере отырып, әкімшілік рәсімді аяқтау міндетін жүктеді. Сонымен қатар, нұсқаманың рәсімдік бұзушылықтарға байланысты жойылуы экологиялық заңнаманың мазмұны бойынша бұзушылықтардың болмағанын автоматты түрде білдірмейді. Сот бұл іс бойынша қарау барысында экология департаментінің анықтаған бұзушылықтары бойынша қорытындыларының негізділігіне немесе негізсіздігіне баға берген жоқ", – делінген Астана қалалық сотының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Ақпаратта "сот шешімі экология департаменті анықтаған бұзушылықтардың мәнін қозғамайды және уәкілетті орган тарапынан рәсімдік кемшіліктер жойылған жағдайда қайта әрекет ету мүмкіндігін жоққа шығармайды" деп жазылған.

Шілде айында Жоғарғы сот Қашағанды игеріп жатқан оператор NCOC компаниясының Атырау облыстық экология департаментіне қарсы берген талап-арызы бойынша қаулы шығарғаны мәлім болған еді. Экологиялық айыппұлмен байланысты іс жаңа құрамдағы апелляция сотына қайта қарауға жіберілген. Бұған қоса шілде айында Қазақстанда мұнай жобалары бойынша өнімді бөлу туралы келісімдер қайта қаралатын болды деген ақпарат тарады.

Былтыр Eni SpA, Shell Plc, Exxon Mobil Corp. және TotalEnergies SE сынды серіктестер күкірт жайлы дауды алдағы екі жылда әлеуметтік жобаларға қосымша инвестиция салу жолымен реттеуді ұсынған. Компания бұл шығындарды өнімді бөлу туралы келісім аясында Қашағаннан түсетін кірістен қайтарып алуға болады деген. Сонымен қатар, NCOC сұйылтылған мұнай газын жеткізуге байланысты үкіметке қосымша төлемдер төлеуді және бірнеше миллион доллар көлемінде әлеуметтік даму қорын құруды да ұсынғаны айтылды.

Қазақстанның Энергетика министрлігі мен Экология және табиғи ресурстар министрлігі әзірге сот қаулысына байланысты пікір білдірген жоқ.