Сәуір айында “қастандық жасалған” Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденов Facebook-та жазба жариялап, 6 тамызда процесс кезінде сотталушы айтқан тұжырымдарды жоққа шығарды.
Сотталушы Ернар Жиембай бір күн бұрын сотта “қызғаныштан” эмоцияға беріліп, оқ атқанын, әйелінің Берденовпен жазысқанын көргенін, Берденовтің жұмыста дөрекілік танытып, намысына тиетін сөздер айтқанын жеткізген. Бұған қоса, Жиембайдың сөзінше, Берденов оған “Шымкент әкімі мені киллер ретінде жалдады деп айтсаң кешіремін” деген.
Берденов желідегі жазбасында мұның бәрін жоққа шығарды, бірақ Жиембаймен жанжал болғанын растаған.
“Қақтығыстың түп-төркіні - кәсіби, қызметтік сипатта. Жауапкер келісім аясындағы жұмысын адал атқарғысы келмеді, есеп беруден жалтарды. Мен тек ашықтық пен міндеттемелердің орындалуын талап еттім. Ал қоғам назарын «қызғаныш», «жеке қатынас», «жұбайы» секілді жалған себептерге бұру - манипуляция, шындықтан алыстату. Мен оның жұбайын да, отбасын да танымаймын. Ол мен үшін тек мердігер болатын” деп жазды.
Берденов қала әкіміне қатысты тұстарды да жоққа шығарды.
“Бұдан да сорақысы – бүгінде бұл жалған мәлімдемелерге қала әкіміне қатысты тұстарды да қосып жатыр. Бұл тағы да істің ақиқатқа емес, қысым көрсету мен беделге нұқсан келтіруге бағытталған өрескел манипуляция екенін дәлелдейді. Мен мұндай мәлімдемелерді үзілді-кесілді жоққа шығарамын және оларды мойындамаймын” деп жазды Берденов.
Бір күн бұрын Шымкентте әкімнің орынбасары "Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі" бойынша негізгі сот басталған. Іс бойынша Шымкент әкімдігіне қарасты "Тұрғын үй Шымкент" компаниясының бұрынғы директоры Ернар Жиембайға "Адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша айып тағылған.
Сот процесі барысында Ернар Жиембай шенеунікке оқ ату себебін түсіндірген еді.
"Себептердің бірі - қызғаныш. Жұбайым Берденовтің туыстарымен араласады және үнемі оны үлгі ететін. "Оның бұлшықеттері бар, костюмі қандай әдемі, қымбат" деп. Жұмыста да үнемі қысым жасалатын, намысқа да тиді. Жұбайым ажырасамын деп сотқа арыз түсірді. Берденов оған үнемі лайк басатын. Комплимент жазды" деді Ернар Жиембай сотта.
Жиембай сонымен бірге сотта Руслан Берденов өзін кешіретінін, бірақ ол үшін шарт қойғанын айтқан.
"Егер мен сотта әкім Ғабит Сыздықбеков (қазіргі Шымкент әкімі) мені киллер ретінде жалдады деп айтсам, Берденов мені кешіретінін айтты" деді Жиембай.
Сот талабына қарамастан Берденовтің сөзі сот отырысына қатыспады. Оның өкілдері шенеуніктің емделіп жатқанын айтқан.
Бұған дейін прокурор “күдікті өзінің жұмыстан айырылатынын білгеннен кейін “кек алу” мақсатында оқ атты” деп айтқан еді.
Ернар Жиембай сотта өзіне тағылған "Адам өлтіруге оқталу" бабымен келіспейтінін, аңшы мылтығымен шенеунікті әншейін қорқытқысы келгенін, өлтіруге оқталмағанын айтты.
Шымкент әкімінің орынбасары 40 жастағы Руслан Берденовке сәуір айында "қастандық жасалып", оқ тиген шенеунікке шұғыл ота жасалған еді. Оқиғаға не түрткі болғаны белгісіз.
Мамыр айында Берденов жағдайы тәуірлеп, қалыпты өмірге дайын екенін мәлімдеген. Маусымның соңында Respublica партиясының тең төрағасы қызметінен кеткені белгілі болды.