Шымкентте әкімнің орынбасары "Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі" бойынша негізгі сот басталды. Іс бойынша Шымкент әкімдігіне қарасты "Тұрғын үй Шымкент" компаниясының бұрынғы директоры Ернар Жиембайға "Адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша айып тағылған.
ҚазТАГ-тың жазуынша, сот процесі барысында Ернар Жиембай шенеунікке оқ ату себебін түсіндірген.
"Себептердің бірі - қызғаныш. Жұбайым Берденовтің туыстарымен араласады және үнемі оны үлгі ететін. "Оның бұлшықеттері бар, костюмі қандай әдемі, қымбат" деп. Жұмыста да үнемі қысым жасалатын, намысқа да тиді. Жұбайым ажырасамын деп сотқа арыз түсірді. Берденов оған үнемі лайк басатын. Комплимент жазды" деді Ернар Жиембай сотта.
Ол сотта Берденовтің жұмыста өте дөрекі сөйлеп, намысына тиетінін айтқан.
ҚазТАГ-тың жазуынша, Жиембай сонымен бірге сотта Руслан Берденов өзін кешіретінін, бірақ ол үшін шарт қойғанын айтқан.
"Егер мен сотта әкім Ғабит Сыздықбеков (қазіргі Шымкент әкімі) мені киллер ретінде жалдады деп айтсам, Берденов мені кешіретінін айтты" деді Жиембай.
Сот талабына қарамастан Берденовтің сөзі сот отырысына қатыспады. Оның өкілдері шенеуніктің емделіп жатқанын айтқан.
Сотта Берденовтің мүддесін қорғаушылар Жиембайдың сөзіне қатысты не деп жауап бергені әзірге белгісіз.
Бұған дейін прокурор “күдікті өзінің жұмыстан айырылатынын білгеннен кейін “кек алу” мақсатында оқ атты” деп айтқан еді.
Ернар Жиембай сотта өзіне тағылған "Адам өлтіруге оқталу" бабымен келіспейтінін, аңшы мылтығымен шенеунікті әншейін қорқытқысы келгенін, өлтіруге оқталмағанын айтты.
Шымкент әкімінің орынбасары 40 жастағы Руслан Берденовке сәуір айында "қастандық жасалып", оқ тиген шенеунікке шұғыл ота жасалған еді. Оқиғаға не түрткі болғаны белгісіз.
Мамыр айында Берденов жағдайы тәуірлеп, қалыпты өмірге дайын екенін мәлімдеген. Маусымның соңында Respublica партиясының тең төрағасы қызметінен кеткені белгілі болды.