АҚШ президенті Дональд Трамп мұнайдың арзандауы Ресейді Украинаға қарсы соғысты тоқтатуға мәжбүрлей алады.
"Егер мұнай қатты арзандаса, Путин адам өлтіруін тоқтатады. Егер мұнайдың баррелі тағы 10 долларға арзандаса, онда таңдау да қалмайды, себебі [Ресей] экономикасының ахуалы өте нашар" — деді Трамп CNBC News эфирінде.
Трамп сонымен бірге Ресей мұнайынан бас тартпаған Үндістанға баж салығын едәуір көбейтетінін және Брюссель Америка экономикасы алдындағы міндеттемелерін орындамаса, ЕО-ға 35 пайыздық баж салығын енгізетінін айтты.
5 тамызда Лондонның ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың бір баррелінің қазан айындағы бағасы 68 доллардан төмен түсті. Бұл кейінгі бір аптадағы ең төменгі көрсеткіш. ОПЕК+ елдері қыркүйекте мұнай өндірісі көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Бұған қоса, 8 тамызда Ресейден атысты тоқтатуды талап еткен Трамптың Мәскеуге қарсы ультиматумының мерзімі аяқталады. АҚШ президенті талап орындалмаған жағдайда Вашингтон Мәскеуге қарсы санкция енгізетінін ескерткен.
Reuters мәліметінше, Владимир Путин Трамптың талаптарына тіке жауап бермесе де, Вашингтонмен қарым-қатынастың нашарлауының салдарын түсінеді, бірақ әскери мақсатқа басымдық береді.