Accessibility links

Үнсіз шырқалған ән. Салды жеңген Айдананың сахнаға дейінгі жолы


Айдана Жапарова
Айдана Жапарова

31 жастағы сурдоаудармашы Айдана Жапарованың өмір жолы тағдыр қиындығына мойымаған табандылық пен қайсарлықтың жарқын үлгісі болуға лайық. Құлағы естімейтін жандардың отбасында туған ол жас кезінде сал болып та қалды, бірақ дертті жеңіп шықты. Айдана қазір сахнаға шығып, есту қабілетінен айырылған көрерменді өнермен табыстырып жүр.

Дауыс шығармай ән салу, сонысымен көрермен жанын тебірентіп, тәнті ету мүмкін бе? Айдана Жапарованы танитындар бұл сұраққа "иә" деп сеніммен жауап берері шүбәсіз.

Сахнадағы қыз еркін қимылдап, шырқалған әннің сөзін сурдоаударма тәсілімен жеткізіп тұр. Ол шам жарығының астында тұрып, шырқалған музыканың әуенін, ырғағы мен сезімге толы мазмұны мен мәтінін құлағы естімейтін аудиторияға қол қимылымен және ыммен жеткізеді.

– "Оларға [құлағы естімейтіндер] музыканың керегі не?" деп айтатындар аз емес. Неге керек емес? Олар әннің мағынасын, әншінің не жайлы ән салып тұрғанын білуге ынтығады. Қандай ән айтылып жатқанын түсінгісі келеді, сол үшін интернеттен іздеп, ән мәтіндерін оқиды, – дейді Айдана.

Әлеуметтік желілердің қазақстандық бөлігінде бір бейнежазбаға көп жұрт назар аударыпты. Онда әнші Батырхан Мәліковтің (Alem) концертінде жас қыздың көзіне жас үйіріліп, әнді беріле тыңдап отырғаны көрінеді. Есту қабілетінен айырылған Ақбота есімді бұл қызды Астанада өткен концертке Айдананың өзі шақырыпты. Сол кеште ол әртістермен бірге сахнаға шығып, олардың өнерін сурдоаударма тәсілімен жеткізіп тұрған.

– Ақбота маған: "Alem әншінің өзін көріп, әнін естіп, қатты қуандым" деп жазды, – деді Айдана. – Мен қатты толқыдым. Ақботаның көзіне жас алғаны мені тебірентті, істеп жүрген жұмысым бекер емес деген ой келді.

"Тағдырың өз қолыңда"

Айдананың сахнадағы әр қимылы оңайға түспейтінін концертті тамашалап отырған көпшілік арасында екінің бірі біле бермейді. Жылдар бойы сүйеніп жүрген балдақты тастағанына да көп уақыт өткен жоқ. Оған дейін мүгедек арбасымен ғана қозғалатын, ал оның алдында, 19 жасынан бастап төсектен тұра алмай жатқан кезі де болған.

Айдана Жапарованың омыртқасына ота жасатқан соң түскен суреті
Айдана Жапарованың омыртқасына ота жасатқан соң түскен суреті

Айдана колледжде визажист мамандығын оқып жүрген кезде аяқ астынан сырқаттанып қалады. Әуелгіде аяғының басы аздап жансызданғандай болып сезілген. Дәрігерге қаралып, ем алғанымен, ауырғаны басылмаған. Таныстарының кеңесі бойынша бір емшіге барып, омыртқасына массаж жасатқан.

– Әлгі массаждан соң үш күннен кейін кәдімгідей сал болып қалдым. Таңертең оянсам екі аяғымда жан жоқ, түк сезбеймін. Айғайлай да алмаймын. Тек көз жасыма ерік беріп, төсекте жаттым.

Тексеруден өткен кезде омыртқада ісік бары және іш жағынан қан кеткені анықталған. Астанада Айданаға нейрохирургиялық операция жасалған.

– Дәрігер: "Ендігі тағдырың өз қолыңда. Тұрғың келсе – еңбек ет", – деді ауруханадан шығарымда, – деп еске алды ол.

Айдананың отбасы ол кезде Қарағандада тұратын. Сал болып қалған бойжеткен қызға анасы мен сіңлісі үйде күтім жасап қарап, күнде оңалтумен айналысқан.

– Төсектен тұра алмай жатқанымда анам маған қасықпен тамақ берді деуге болады. Сіңілім: "Арбаға отырып бар да, сүлгіңді, басқа да керек затты өзің ал", – дейтін. Ол мені мүсіркеген жоқ, екеуіміз бірге ем-дом жаттығуларын жасадық, сол үшін оған ризамын. Мен шынымен көп тер төктім.

Бұрынғыдай қайтадан өздігімнен жүретін жағдайға жетсем деген құлшыныс, табандылық пен қажырлы еңбек ақырында өз нәтижесін берген.

– Аяғым қимылдайды деп күн сайын елестету керек дегенді бір жерден оқыған едім. Күнде көзімді жұмып, башпайларым қимылдап жатыр деп елестететінмін. Бірақ екі аяғым жансыз қалпы жатты. Ақыры бір күні ең кішкентай башпайым қимылға келді. Өз аяғымды бағындыру – қиынның қиыны болды. Ондай жағдайға қаншама еңбекпен бір жарым жылға жуық уақыт жұмсап жеттім. Ақ тер, көк терім шығып, башпайларымды қимылдатқан сәтімде сіңлім екеуміз қуаныштан айғай салып, қосыла жыладық, – деп еске алды Айдана.

Айдана Жапарованың операциядан кейін сіңлісімен бірге түскен суреті
Айдана Жапарованың операциядан кейін сіңлісімен бірге түскен суреті

Көп айға жалғасқан оңалту шараларынан кейін Айдана арнайы құралға сүйеніп, үй ішінде ақырындап ары-бері жүре бастаған. Өздігінен жүруді қайта үйрену оңай болмаған.

– Бір бөлмеден екінші бөлмеге жетпей құлайтынмын. Жылап, ызаланып, орындыққа еңбектеп жетіп отырған соң, жоқ, бәрібір тұрамын деп алға ұмтылып, жаттығуды қайта жалғастыратынмын. Ақырында көздеген мақсатыма жеттім, аяққа тұрып, жүре бастадым.

Әзірге Айдана баспалдақпен көтерілуден тартынады, денесіне қатты күш түсіруге болмайды. Бірақ спорт залға барып, арнайы жаттығулар жасап жүр.

– Аяғым кейде тартылып қалады. Жақында өз аяғыма шалынып құладым. Жүгіре де, секіре де алмаймын. Сахнада тек бір орында тұрамын. Бірақ жаттығу жасап жүрмін. Балам өсіп келеді. Мен жақсы көрініп, өзімді шыңдап, жұмыс істеуім керек, – дейді ол.

"Бала кезден білетін тілім"

Операциядан кейін ұзақ уақыт төсек пен арбаға таңылып жатқан кезде Айданаға әндерді ым-ишара тіліне неге аудармасқа деген ой келген. Құлағы мүлде естімейтін ерлі-зайыптының отбасында дүниеге келген Айдана тілі шыққан сәттен бастап сурдо тілін де меңгеріп өскен.

Мұндай балаларды CODA (Child of Deaf Adults – құлағы естімейтін ата-ананың баласы) деп атайды.

Айдана Жапарова (астыңғы қатарда сол жақта) анасы, әкесі және сіңлісімен бірге (отбасы архивіндегі фото)
Айдана Жапарова (астыңғы қатарда сол жақта) анасы, әкесі және сіңлісімен бірге (отбасы архивіндегі фото)

– Ата-анамыздың құлағы естімейтінін бала кезден біліп өстік. Мен оларға көмекші болдым. Сіңлім жыласа, шешеме жүгіріп барып, қолынан тартып, "жылап жатыр" дегенді ыммен жеткізетінмін. Бір жасымнан бастап ыммен сөйлесе бастадым, ата-анам үйретті. Тіліміз қалай шығып, сөйлеуді қалай үйренгеніміз әркімнің есінде жоқ қой, сол сияқты, ыммен сөйлесуді қай кезде меңгергенім менің де есімде жоқ. Бұл – ана тілім, – дейді Айдана.

Оның жасы тоғызға толғанда әкесі қайтыс болған. Содан бастап шешесі түрлі шаруамен үйден шыққанда: дәрігерге, дүкенге, мектеп жиналысына барған кезде жанында серік болып Айдана бірге жүріпті.

Айдананың әннің сөзін ыммен жеткізіп жасаған алғашқы видеолары желіде сынға қалған соң ол роликтерін өшіріп тастаған. Бірақ алған бетінен қайтпаған. Желіден ресейлік сурдоаудармашы әрі CODA өкілі Катерина Кононенконың әнді ыммен жеткізген видеоларынан шабыт алғанын айтады. Кононенконың эстрада әншілерімен бірге сахнаға шығып, құлағы естімейтін көрерменге сол жерде бәрін сурдоаударма тәсілмен жеткізіп тұрғанын көрген.

– Мен оның парағына жазылдым, екеуіміз доспыз, сөйлесіп тұрамыз. Оның Ресейде өнер адамдарымен бірге сахнаға шығып, жұмыс істегенін көріп тәнті болдым. "Мен де сөйткім келеді" деп өзіне айттым. Ол маған: "Ендеше неге бастамайсың?" деді. Әй, қайдам, кім келіседі оған дедім. "Ал сен жазып көр. Қанеки, алғашқы болып басташы" деп кеңес берді. Жарайды олай болса, расында оның қолынан келгенді мен неге істей алмаймын деген ой келді, – дейді Айдана.

Сөйтіп Айдана концерттік бағдарламаларды зерттеп, қазақстандық әншілерге хат жаза бастаған. Бірақ екі жыл бойы ешкімнен жауап болмапты.

Бір күні жас әнші Dequine (Данеля Садықова) Айдананы концертіне шақырып, ол алғаш рет үлкен сахнаға шыққан.

– Өзіңіз ойлаңызшы, өмірімде ешқашан сахнаға шығып көрмеген мені аяқ астынан сегіз мыңнан астам көрермен жиналған шараға шақырып отыр. Сахна даладай болып көрінді. Денем дірілдеп, қатты қобалжыдым, өз-өзіме ие бола алмай, құлап қалсам қайтем деген ой келді. Бірақ, сабырға түсіп, осы сәтті армандадым емес пе, ендеше қолымнан келеді деп өзімді қайрадым. Дыбыс күшейтетін аппаратурадан жаңғырып естілген қатты дауыстан еден селкілдеп тұр, бойымды қорқыныш билеп, сурдоаударма тілін ұмытып қалмасам жарар еді деп састым. Жүрегім дүрсілдеп, тізем дірілдеді. Бір кезде ән шырқала бастады, ал мен "құлап қалмасам екен" деген ой мидан кетпей, сасқалақтағандықтан қимылдарым ебедейсіз шықты. Бір кезде ерік-жігерімді жинап алдым да, келесі ән шырқалған кезде еркіндеу тұрып, сенімді түрде ым тілімен жеткізе бастадым. Ал қазір маған сахнаға шығу үйреншікті нәрсеге айналды, – дейді Айдана.

Сурдоаудармашы Айдана Жапарова
Сурдоаудармашы Айдана Жапарова

Кейінірек оны басқа әншілер де шақыра бастаған, Айдана олардың менеджерлерімен байланыс орнатқан.

Айдана ән мәтінін жай ғана аудару аз, оны бейімдеу керек, әсіресе қазақ тіліндегі әндерді құлағы естімейтін адамдар түсінетіндей етіп дәл жеткізу маңызды дейді.

– Бұрын Совет одағы құрамында болған елдер орысша сурдоаударма тілін қолданады. Қазақша ондай арнайы тіл жоқ. Сондықтан құлағы естімейтін адамға ол дұрыс түсінетіндей етіп жеткізу қажет. Мысалы, Садраддиннің "Сөзіме жауап бар ма?" деген өлең жолын сөзбе сөз тура аударсақ, олар түсінбей қалады. Сондықтан мен оны "Сен маған не деп жауап бересің?" деп аударып жеткіземін. Осындай жайттар өте көп. Аударма көрерменге түсінікті болғаны өте маңызды. Сол себепті Крейг Дэвидтің (Craig David) ағылшынша әнін де орысша сурдоаударма тілінде айттым, – дейді Айдана.

"Қолың – жұмыс құралың"

Айдана бұл істеп жүрген жұмысына еш ақы алмайды. Тек бірнеше билет сұрап, жақындары мен әріптестеріне береді. Қазір ол бір жылдан астам уақыттан бері Астанадағы "Қанаттылар" инклюзив театрында жұмыс істеп жүр. Бұл театрда мүлде естімейтін және құлағының мүкісі бар жандар ойнайды. Айдана Астанаға жұбайымен және кішкентай қызымен қоныс аударғаннан кейін осы театрға жұмысқа тұрған.

– Қарағандыда жиһаз дүкенінде істедім. Өз кәсібім бойынша аудармашы болып жұмыс істеймін деп ойламаппын (2016 жылы Айдана Жапарова Қарағандыдағы құлағы естімейтіндер ұйымының жанындағы сурдоаудармашы курсын бітірген – ред.). Ондайды қалаған жоқпын. Анамның сіңлісі: "Қолың – жұмыс құралың" дейтін. Бірақ мен қарсы болатынмын. "Жоқ, болғым келмейді, бала кезімнен анаммен, оның достарымен бірге ана жерде, мында жерде көмектесіп жүрдім. Бұл жүйке тоздыратын азап жұмыс" дейтінмін. Аудармашылар мені түсінетін шығар деп ойлаймын. Бір күні театр директоры Арнұр Искаков хабарласып, театрға актриса бол деп шақырды. Оны да қаламайтынымды білетінмін. Бір жылдан кейін барып, құлағы естімейтін жандардан тұратын ұжыммен танысып-білісіп, достасып кеттік. Сол кезде олар аудармашыға мұқтаж екен. Содан қалдым, – дейді ол.

Театрдағы жалақысы бұрын Қарағандада өзі істеген дүкендегі табысынан үш есе аз. Бірақ өзі шығармашылық және рухани қажеттілік қаржы мәселесінен маңыздырақ болып тұрғанын айтады. Айдана әртістер мен режиссерлерге қажет екенін сезінеді – оларға өзара байланыс орнатуға көмектеседі.

Айдана Жапарова
Айдана Жапарова

Театр әртістері – оның достары. Айдана өзі сурдоаударма жасайтын концерттерге билет алудың сәті түскенде, сол достарына береді. Ал олар сахнадағы Айдананың ең шынайы жанкүйері ретінде оған әркез қолдау білдіріп, қолпаштап отырады.

Бірақ бір қынжылтатын мәселе бар – құлағы естімейтін я нашар еститін жандарға ешқандай жеңілдік қарастырылмаған. Олардың көпшілігі жұмыс істеп жүргенімен, алатын еңбекақысы төмен, сондықтан түрлі концерт пен қойылымдарға барғысы келгенімен, билет бағасын қалтасы көтере бермейді.

– Олар 3-топ мүгедектері, ешқандай жеңілдік жоқ. Соларға тым болмағанда жеңілдік жасаса деймін, себебі қазір құлағы мүлде естімейтіндер мен нашар еститін жастар көп. Олар өте ақылды, алғыр. Музыкаға, шығармашылыққа, спортқа әуес. Барлық жерге барғысы, көргісі келеді. Бірақ, мысалы, фестиваль билеті 35 мың теңге тұрады. Ал сен – студентсің немесе құлағың естімейтіндіктен ең төменгі жалақы төлейтін жұмыс істейсің. Сондықтан мұндай жандарға жеңілдік жасау қажет деп есептеймін, өйткені олар да мәдени шараларды көріп, тамашалағысы келеді, – дейді Айдана.

Айдананың сахнадағы жұмысы мен әлеуметтік желілердегі бейнежазбаларын ерекше ыждағатпен қадағалайтын бір адам бар, ол – Айданаға сурдоаударма тілін үйреткен анасы. Таныстары Айдананы интернеттегі видеодан көргенін және әндерді сурдо тәсілмен тәржімалап жеткізгені үшін оған алғыс айтып хат жазған сайын анасы төбесі көкке жеткендей қуанады.

– Анамның басқа қалада тұратын құрбылары менің ән айтатынымды біледі. Анаммен бірге түскен видеоларды TikTok-қа жариялағам, солар соны да салып жіберіпті. Анам: "Неге салдың?" деп сұрағанда мен: "Қойшы, мама, әдемі болып шықты ғой!" деймін, – дейді Айдана Жапарова.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG