Accessibility links

"Крокус Сити Холлға" шабуыл: басты күдіктілер соттың алғашқы күнінде-ақ кінәні мойындады


"Крокус Сити Холл" концерт залына шабуыл ісіндегі күдіктілер. Мәскеу, 4 тамыз 2025 жыл.
"Крокус Сити Холл" концерт залына шабуыл ісіндегі күдіктілер. Мәскеу, 4 тамыз 2025 жыл.

4 тамыз күні Мәскеу түбіндегі "Крокус Сити Холл" концерт залына шабуыл бойынша сот процесінің алғашқы отырысы өтіп, тәжікстандық төрт күдікті азамат тағылған айып бойынша кінәлі екенін мәлімдеді. Сот залында оларға қамауда қалай ұсталғаны жайлы, "Ислам мемлекеті" қатарына тарту жайлы сұрақ қойылды.

Сот залында болған төрт тәжікстандық азамат концерт залындағы терактіден бір күн өткенде ұсталған. Бұлтартпау шарасын тағайындау жөніндегі сотқа апарғанда олардың соққыға жығылғаны, азапталғаны байқалды.

2024 жылғы 22 наурызда болған теракті салдарынан 140-тан астам адам мерт болған, 550-ден астам адам жапа шеккен. Оқиғаны "Ислам мемлекеті" террор ұйымының "Хорасан уәлаяты" дейтін тобы өз мойнына алған. Бұл топ содырларды Орталық Азиядан тартатынымен танымал.

АҚШ пен Франция сол кезде мәлімдеме жасап, терактіге толықтай "Ислам мемлекеті" жауапты деген.

Күдіктілер Далерджон Мирзоев, Шамсидин Фаридуни және Мухаммадсобир Файзов 4 тамыздағы алғашқы отырыста-ақ кінәсін мойындады. Төртінші күдікті Саидакрам Рачабализода кінәсін ішінара мойындайтынын мәлімдеген.

Сот процесі ашық тәртіпте басталды. Бірақ кейін судья айыптау тарабының өтінішін қанағаттандырып, дәлелді қарау кезінде сотты жабық өткізуге көшті.

2024 жылғы наурызда Файзовтың туыстары Азаттықтың Тәжік қызметіне сұхбат беріп, оның "діндар адам болмағанын", Қытайға оқуға кетуге дайындалып жүргенін айтқан. Анасының айтуынша, ұлы отбасына қаржылай көмектесемін деп Ресейге кеткен де, сол жақта шаштарас болып жұмыс істеген. Сөйтіп үйіне ақша жіберіп тұрған. Файзовтар отбасы туысының кінәсіз екеніне сенімді.

Құқық қорғаушылар тергеу мен сот әділетсіз өтеді деп алаңдайтынын мәлімдеген . Күдіктілерді ұстағанда оларды әбден ұрып-соққаны байқалды, Telegram-да жарияланған видеода біреуінің құлағы кесілгені көрінген.

"Қалыпты демократиялық елдерде ешқашан бұлай болмас еді. Терактіге күдікті деген адамдарды азаптап мойындатқан және мұнысын жасырмайды да" деді Азаттықтың Орыс қызметіне құқық қорғаушы Каримжон Ёров.

Күдіктілердің бірі Мухаммадсобир Файзовтың бұлтартпас шарасын тағайындау кезіндегі хәлі. Сотқа оны ауруханадан әкелген. Мәскеу, 25 наурыз 2024 жыл.
Күдіктілердің бірі Мухаммадсобир Файзовтың бұлтартпас шарасын тағайындау кезіндегі хәлі. Сотқа оны ауруханадан әкелген. Мәскеу, 25 наурыз 2024 жыл.

Сондай-ақ шабуыл жасаушыларға көмектесті деген айыппен 15 адам ұсталған. Оларды кінәлі екеніне күмәнданатындар да баршылық. Кейбірі жай ғана пәтерін жалға берген.

"Меніңше, оларды бар кінәні мойнына арту үшін жинап алған. Олардың қаншалық кінәлі екенін анықтау қиын. Бұл сот процесі нағыз тергеуден жалтару сияқты көрінеді. Өйткені олардың бәрін ұрып-соққан, біреуінің құлағын кескен, өте қатты азаптаған. Азапталған соң нені де болса да мойындайсың", — дейді ФСБ-ның бұрынғы қызметкері, Мемлекеттік Думаның бұрынғы депутаты, Кремльді сынайтын санаулы саясаткерлердің бірі Геннадий Гудков.

Күдіктілердің ұлты Ресейде ксенофобияны өршітіп, ұлтшыл топтар қатыгездік таныта бастады, ал Орталық Азия мигранттарын жосықсыз ұстау күшейіп кетті.

2024 жылы Ресей билігі заңға өзгеріс енгізіп, полицияға мигранттарды сот қаулысынсыз депортациялауға құзырет берді.

Human Rights Watch ұйымы жуырда жариялаған есебінде түр келбеті славянға ұқсайтын жас ер азаматтардың құрылыс, қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін Орталық Азия еңбек мигранттарына ұйымдасқан түрде шабуылдағанын көрсететін видеоайғақтарды сараптаған.

"Ресей билігі ксенофобиялық әрекеттерді айыптамаудың орнына Орталық Азия мигранттарын қудалауды күшейтті" дейді ұйым авторлары 2025 жылғы наурызда жарияланған есепте.

Ресей еңбек мигранттарына едәуір тәуелді : 2024 жылы Ресейден Орталық Азиядан шыққан 3,3 миллионға тарта адам жұмыс істеген.

Ресей экономикасы үшін еңбек мигранттары маңызды екеніне қарамастан, құзырлы органдар Орталық Азиядан келушілерге қысымды күшейтіп отыр. Ресми органдардың мәлімдеуінше, қыркүйектен бастап еңбек мигранттарын бақылайтын ауқымды жүйе қосылмақ. Оның аясында мигранттардың биометрикалық деректері, тұрғылықты мекенжайы бақылауға алынып, полиция қадағалауы күшейтілмек.

Кремль осы бағдарлама аясында ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті желеу етіп миграцияны бақылауды одан әрі қаталдатып отыр.

"Крокус Сити Холл" концерт залындағы шабуыл — Ресейдегі ең ірі терактілердің бірі. Ол 2004 жылы Беслан мектебіндегі 333 адамның қазасынан кейінгі ең ауыр оқиға болды.

Тергеу комитеті шабуылға қатысты тергеудің бастапқы кезеңінде төрт күдіктінің Украинамен байланысы барын айтты. Алайда Киев пен Вашингтон бұл айыптарды жоққа шығарды.

2024 жылғы маусымда Тергеу комитетінің өкілі Светлана Петренко шабуыл "Ресейдегі саяси тұрақтылықты шайқалту мақсатында Украинаның қазіргі билігінің мүддесі үшін" жасалған деп мәлімдеді.

2024 жылы наурызда Ақ үй өкілі Ресейдің Украинаға қатысты айыптауларын "қисынсыз" деп атады. Ол Вашингтон Ресей билігін екі апта бұрын шабуыл қаупі жайлы ескерткенін айтты. Бұл — АҚШ тарапының Мәскеудегі көпшілік жиналатын орындарға төнген экстремистік шабуылдар туралы Ресейге жіберген бірнеше ескертуінің бірі болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG