Accessibility links

"Хабар жоқ". Қытайға кірген қазақстандық Әлімнұр Тұрғанбайды кім, неге ұстап әкетті?


Әлімнұр Тұрғанбайдың отбасы архивіндегі фотосы
Әлімнұр Тұрғанбайдың отбасы архивіндегі фотосы

Қытайда туып, Қазақстанға көшіп келіп, азаматтық алған Әлімнұр Тұрғанбай 23 шілде күні жұмыс бабымен Шыңжаңға кеткелі бері одан хабар-ошар жоқ. Қасында болған адамдар әйеліне "Қытай шекарасынан оны полиция ұстап әкетті" деп айтқан. Қазақстан мен Қытайдың ресми орындарына сұрау салған туыстары әзірге мардымды жауап алған жоқ.

Қытай полициясы Қазақстан азаматын "ұстаған". Туыстары Астанадан көмек сұрайды
please wait

No media source currently available

0:00 0:17:21 0:00

"Шекарадан өте сала ұстап әкеткен"

Алматы облысы Ұзынағаш ауылының тұрғыны Гүлдария Шеризатқызы күйеуі Әлімнұр Тұрғанбайдың биыл 23 шілде күні Қытай шекарасына қарай өткелі тұрған кезде жіберген видеосын көрсетіп отыр.

"Бұйыртса, біз Қытайға кетіп бара жатырмыз, мінеки, мына SITRAK деген машинаны айдап барам. Міне, мына алаңқаймен кетіп бара жатырмын", – видеода Әлімнұр Тұрғанбайдың дауысы еш алаңсыз, жарқын естіледі.

48 жастағы Әлімнұр Тұрғанбай Қазақстаннан Қытайға жүк көлігін айдап барған. Тауар тиеп алып, кері қайтпақшы болған. Шекара асып, жүк таситындарға ақша көбірек төленетіндіктен күйеуім бұл сапарды көптен күтті дейді Гүлдария.

Әлімнұр бұған дейін Қытайға 2017 жылы барып келген екен. Бірақ ол кезде қолында Қытай паспорты болыпты. Содан бері шекарадан Қытай жағына алғаш рет осы жолы өтті дейді әйелі.

Гүлдарияның сөзінше, 23 шілде күні түстен кейін күйеуі өзі айдап барған жүк көлігін Қазақстан шекарасынан Қытайға қарай өткізгенін, енді өзі төлқұжат тексеретін жерден өткелі тұрғанын айтып хабарласқан.

– Сағат 17.00 шамасында сөйлесті. Содан бері күні бүгінге дейін хабарсызбыз, – деді келіншек.

Гүлдария сол кезде Қытайдағы төркініне қыдырып барған кезі екен. Оған шекарадан күйеумен бірге Қытайға қарай өткен бір адам 24 шілде күні хабарласқан.

– Таңертеңгі сағат 7-де бір бала маған қасымыздағы жолдасымыз Қытай шекарасына келгенде біздің соңымыздан шықпай қалды, сол беті жоқ деді. Содан ол бала менімен байланысты үзіп тастады. Күйеуім үш жігітпіз деп айтқан, бірақ та ол екі жігітті мен танымаймын, – деді Гүлдария Шеризатқызы. Ол күйеуі туралы суыт хабарды ести сала Қазақстанға оралған.

Қытайдан атамекенге қоныс аударған қазақ отбасы

Әлімнұр Тұрғанбай Қытайдың Шыңжаң аймағының Іле-Қазақ автономиялық облысында туған. 2016 жылы Қазақстанға көшкенге дейін Құлжа ауданындағы Әулие ауылында тұрыпты.

Әйелінің сөзінше, Әлімнұр Қытайда да жүк көлігін жүргізіпті. Елдің керек-жарағын тасып, отбасын асырады дейді әйелі. 2016 жылы Әлімнұр мен Гүлдария үш баласымен бірге Қазақстанға біржола қоныс аударуды ұйғарған.

Қазақстанға келген соң Алматы облысындағы Ұзынағаш ауылына қоныстанған Әлімнұр Тұрғанбай біраз жыл біреудің малын бағып, күн көрген (отбасы архивіндегі фото)
Қазақстанға келген соң Алматы облысындағы Ұзынағаш ауылына қоныстанған Әлімнұр Тұрғанбай біраз жыл біреудің малын бағып, күн көрген (отбасы архивіндегі фото)

– Біз әуелі көшетін тойымызды жасап, сосын 2016 жылғы 19 тамыз күні ме, Қазақстанға өз еркімізбен көшіп келгенбіз. Осы жақтың азаматтығын алуға құжат тапсырдық. 2017 жылы бүкіл отбасымызбен Қазақстан азаматтығын алдық. Осындағы Қытай консулдығы 2018 жылғы 31 желтоқсанда біздің "напос өшті" (қытайша тұрақты тіркеуді жою – ред.) деген қағаз "шықты" деді. Бірақ та ол кезде жағдайымыз болмай, біз Әулиеге баруға ол жаққа өтпедік. Содан 2023 жылы екінші қызым Қытайға барып келген, Әулиеден сол әкелген үкіметтің "напос өшті" деген қағазын алғанбыз. Жұбайымның қолында сол қағазы бар, – деді Гүлдария Шеризатқызы.

Әлімнұр Тұрғанбай Қазақстанға келген соң Алматы облысындағы Ұзынағаш ауылына қоныстанған. Біраз жыл біреудің малын бағып, күн көрген. Қытайдағы негізгі кәсібі – жүк көлігін жүргізу ісіне жақында ғана оралған. Біреудің жүк көлігін жалға алыпты. Отбасындағы үш қыздың үлкені тұрмыста, ортаншысы – студент, кенжесі мектепте оқиды.

Анасы сол кенже қызын ертіп, биыл 14 шілде күні Қытайдағы төркініне қыдырып барыпты.

– Әке-шешеміз, туыс-туғандар сол жақта. Туған ағам қатты ауырып жатты. Ауруханадан шығарып тастапты. Бір жағы сол ағамды көріп келейін деп бардым, шекарада ешқандай кедергі болған жоқ, еркін өттім. Қорғасқа тіркелдім, сол бойынша жүрдім, 9 күн болдым, – деді Гүлдария.

"Қытай билігі оның құқығын таптап отыр"

Әлімнұр Тұрғанбай отбасында сегіз ағайынды. Қарындасы Сағи екеуі ғана Қазақстанға қоныс аударған. Ал шешесі мен қалған алты бауыры Шыңжаң өлкесінде тұрып жатыр.

Ерлі-зайыпты Әлімнұр Тұрғанбай мен Гүлдария Шеризат (отбасы архивіндегі фото)
Ерлі-зайыпты Әлімнұр Тұрғанбай мен Гүлдария Шеризат (отбасы архивіндегі фото)

– Ақкөңіл, ешкімге жаманшылығы жоқ, салдырлаған, тірлігін істеп, отбасын бағып отырған адам, – деп сипаттады Әлімнұрды қарындасы.

Сағи Тұрғанбай ағасын Қытай полициясы ұстап, қамап тастағанына сенімді. Сегіз жыл бұрын өз басынан да осыған ұқсас жайт өткенін айтты. 2017 жылы шекара асып, Шыңжаңға барғанда Қытай полициясы оны ұстап әкетіп, үш күн бойы жауап алыпты.

– Мен Қазақстанға заңды түрде көшіп келдім. 2017 жылы Қытайдағы әке-шешемді сағынып, туысшылап келейін деп бардым. Мені ұстады. Ауылдық жерге апарды, одан тағы бір жерге апарып, сұрақтың астына алды.

– Не сұрады?

– "Қазақстанға не үшін бардың?", "Ол жақта не істеп жүрсің?" деп сұрады. "Көшіп бардым, мал бағып, тауда жүрмін" деп жауап бердім. Олар титтей нәрседен кір табады, өтіріктен әйтеуір бірдеңе шығара салады. Мені солай етті. "Сен алты ай өтпепсің, алты ай жүріпсің Қазақстанда" деп ұстаған мені. Кейін мені Қазақстанға шығаратын кезде "біз жайлы айтпа, өйтпе-бүйтпе, айтсаң, сені әкеліп, қамаймыз" деді. Мен осы күнге шейін аузымнан биттей де нәрсе шығарғам жоқ, бүгін айтып отырмын, – деді Сағи Тұрғанбай.

Гүлдария күйеуін "Қытай полициясы ұстады" дегенді ести сала Шыңжаңдағы жақындарына хабарласқан. Бірақ суыт хабарды естіген туыстары байланысқа шықпай, үнсіз қалды дейді ол.

– Неге десең, ол жақтағы туыстар қорқып кетті. "Әлімнұр ұсталып кетті ме, жоқ басқа бір нәрсе болды ма, қасында бір бала осындай бір ауыз сөзбен ұқтырды, одан басқа не болғанын білмеймін" деп едім, олар менімен хабарласпай қалды, – деді Гүлдария Шеризатқызы.

Сағи Тұрғанбай да Қытайдағы туыстарымен байланыс үзілгенін айтып отыр.

– Ол жақтағы туыстарымыз бізге ештеңе айтпайды, WeChat-тан бәрімізді өшірді. Бізге жауап бермейді. Қорқады. Ол жақтың заңын білесіз ғой?

– Заң қандай онда?

– Қатты, ол жақтың заңы қиын.

Әлімнұр Тұрғынбайдың қызы Риза Қытай билігі Қазақстан азаматының құқығын өрескел бұзып отыр деп есептейді.

– Қытай азаматтығынан шыққанына бәленбай жыл болған, өзге елдің азаматын бұлай ұстау қаншалықты дұрыс? Мәселен, әкемді ұстаған соң Қытай консулдығы бізге оны неліктен, қандай айыппен ұсталғанын хабарлауы керек еді. Өйткен жоқ. Сонда олар Қазақстан азаматының құқығын таптап отыр ғой, – деді Риза Әлімнұрқызы.

Әкесінің тағдырына алаңдаған ол бұл ұстаудың "саяси астары" бар деп ма қауіптенеді.

– 2017 жылы бұлар саяси қуғын-сүргін тізіміне кім болса, соны ала берді. Қазақстанға көшкен адамдардың бәріне қысым көрсетеді. Әкемнің достарының бәрі намаз оқыған кісілер еді, солар сотталды, 15 жылға қамалды, – деді Риза Әлімнұрқызы.

Жүргізуші жігіттің әңгімесі

Азаттық Әлімнұр Тұрғанбай қазақ-қытай шекарасынан өткен кезде жанында болды делінген екі жігіттің бірін тауып, сөйлесті. Жеке басының қауіпсіздігі үшін аты-жөнін атамау және дауысын жария етпеу туралы шартпен сөйлесуге келіскен ол болған оқиғаны баяндап берді.

Ол 23 шілде күні кешке бірнеше жүк көлігі Қытай-Қазақстан шекарасына жеткенін айтты. Бұл кісі алда, Әлімнұр оның соңынан ілесіп келе жатқан. Арғы бетке өткен қазақстандық көліктер Қытай жерінде еркін жүре алмайды, оларды арнайы адамдар ертіп жүреді деп түсіндірді сұхбаттасымыз. Солардың бірі бекетте бір машинада қалды, соны күтейік деген. Көп өтпей Қытай полициясы жүргізуші жігітті ұстап әкетті, кеденде тек көлігі қалды деген хабар естіген.

"Не болды?", "Не үшін ұстады?" деп ешкімнен сұрай алмадық, сұрасақ та жауап ала алмас едік", – деді ол.

Айтуынша, Әлімнұр мініп барған көліктің иесі кейін басқа жүргізуші жалдап, Қытайдан Қазақстанға тауар алып өткен. "Әлімнұрдың әйелімен байланысты неге үздіңіз?" деген сауалымызға "ол кісі қайта-қайта мазалап, сұрай берді, оларға не айтарымды білмедім" деп жауап қатты.

Қытай консулдығы алдындағы наразылық

23 шілдеде күйеуін "Қытай полициясы ұстап, қамады" деген ақпарат алғалы Гүлдария қарап жатпаған. Бірден Шыңжаңдағы қазақтар мәселесімен айналысатын "Нағыз Атажұрт" қоғамдық ұйымына хабарласып, мән жайды түсіндірген. Қазақстанның ресми органдары мен Алматыдағы Қытай консулдығына барып, арыз қалдырған.

– Қытай консулдығына қытай тілін білетін екінші қызымды ертіп барғам, сол сөйлескен консулдық қызметкері "біз Қытай елшілігімен хабарласамыз" деді. Екі нөмір жазып бердік, ал ол бір нөмір берді бізге, – деді Гүлдария.

Оның айтуынша, Қытай консулдығынан сол күйі ешкім хабарласпаған, арызына жауап та келмеген. Өзі тұратын Ұзынағаш ауылының полициясы мен әкімдігіне де, көші-қон полициясына да барған, бірақ олар "адам Қытайда ұсталса, ол елдегі іске араласа алмаймыз" деп шығарып салыпты.

Әлімнұр Тұрғанбай Астанадағы Бәйтерек мұнарасының басында тұр (отбасы архивіндегі фото)
Әлімнұр Тұрғанбай Астанадағы Бәйтерек мұнарасының басында тұр (отбасы архивіндегі фото)

Ақырында Гүлдария электрон үкімет қызметі (e-gov) арқылы Қазақстан президентінің іс басқармасына, сыртқы істер министрлігіне және Қазақстанның Пекиндегі елшілігіне күйеуі қайда екенін анықтауға және оны Қазақстанға қайтаруға жәрдем сұрап, өтініш жолдаған.

Қазақстанның ресми органдарынан жауап болмаған соң 30 шілде күні Гүлдария қыздары мен туыстарын ертіп, Алматыдағы Қытай консулдығына барды. "8 күннен бері күйеуімнің өлі-тірісін біле алмай отырмыз" деген әйел ғимарат алдында айғайлап шағымын айтты.

Сол жерде тұрған кезде оларға полиция өкілдері келіп, жеке деректерін жазып алды. Гүлдария біршама уақыттан кейін консул мекемесінің ішіне кіріп, консулдық қызметкері одан кезекті рет арызын қабылдап алған, бірақ нақты ештеңе айтпаған. Гүлдария Қытай консулдығына 4 рет барған, кейінгі күндері қыздары барып жүр. "Әлімнұрдың өлі-тірісін білмей, ол жаққа баруды тоқтатпаймыз" деді Гүлдария.

Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрап, Қытай консулдығы алдына келіп тұрған адамдар. Алматы, 18 мамыр, 2021 жыл
Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрап, Қытай консулдығы алдына келіп тұрған адамдар. Алматы, 18 мамыр, 2021 жыл

Алматыдағы Қытай консулдығы алдында Шыңжаң түрмелерінде отырған туыстарын босатуды талап етіп жүрген өзге адамдар да бар. 21 шілде күні Алматы тұрғындары Күлбаран Өмірәлі мен Нұрзат Ермекбай жазықсыз қамалды деген жақындарын жоқтап, наразылыққа тағы шықты. Олардың акция өткізіп жүргеніне төрт жылдан асқан. 1533 күн өтсе де, мәселе сол қалпы дейді өздері.

Гүлбаран Өмірәлі, Алматы тұрғыны:

– Сыртқы істер министрлігіне, Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға хат жазып жатырмыз. Қытайға жіберіп жатырмыз дейді. Қытай жауап беріп жатыр ма, бермей жатыр ма, бізге ешқандай жауап айтқан жоқ. Енді жауап алып береді деген ойдамыз. Қытайдағы жағдайды білмейміз, мен ешқандай туысыммен хабарласа алмаймын. Барды-келді деген адамдардан естісек, баяғыдай. Қамаудағы туыстарымыз босаған жоқ әлі. Сол баяғыдай геноцид жүріп жатыр ма деп ойлаймыз. Біз Қытай елшілігінің алдынан кетпейміз. Бауырымның баласы Айболат Азамат босамайынша, үйқамақта отырған туыстарым босамайынша мен акциямды тоқтатпаймын.

Ақиқат Қалиолла Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап етіп, Қытай консулдығы алдында пикетте тұр. Алматы, 14 қазан, 2021 жыл.
Ақиқат Қалиолла Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап етіп, Қытай консулдығы алдында пикетте тұр. Алматы, 14 қазан, 2021 жыл.

Ақиқат Қалиолла, Алматы тұрғыны:

– "Өй, бұдан не шығады, не мағына бар?" деп айтуы мүмкін кейбіреу. Бірақ менің айтарым, мәселе оның мағынасында емес. Бұл – тарихи кезең. Өйткені мынадай 1500 күндік акция еш жерде болған емес. Қытай өкілдігі алдына шығуымыздағы тағы бір үлкен мақсат – біз туыс-туғандарымыздың сұраусыз емес екенін айтып, осындай халықаралық қысым арқылы күнделікті "біз бармыз" деп Қытайға ескерту жасау.

Наразылық акциясына тұрақты шығып жүргендер Шыңжаңдағы жақындарына араша сұрап бірнеше рет Астанаға да барып, Ақорда, үкімет үйі, Қытай елшілігі, Еуропарламент кеңсесі алдында талап-арызын айтқан.

Белсенді топ әркез түрлі кедергіге тап болды. Кейде полиция оларды күштеп ұстап, қамады. "Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айыппен соттап, миллиондап айыппұл салды. Қазақстанда қысым көрдім деген бірнеше адам шетелге көшіп кетті. Қазір олар әлгіндей талаппен АҚШ, Еуропада пикетке шығып жүр.

Қазірге дейін Алматыдағы Қытай консулдығы алдында наразалық өткізіп жүргендердің кемі екеуінің туысы Қытайдан Қазақстанға оралды. Бірақ ешқайсысы ол жақтағы ахуал жайлы ашық сұхбат беруге құлық танытпады.

Қазақстанның сыртқы істер мекемесінің жауабы

Азаттық Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайдың Қытайда ұсталып, қамалды деген ақпараттың анық-қанығын сұрап Қазақстан сыртқы істер министрлігі мен Қытайдың Қазақстандағы елшілігіне ресми сауал жолдады.

"Аталған азаматқа қатысты мәселе Қазақстан сыртқы істер министрлігінің бақылауында. Қытай тарабына тиісті сауал жіберілді. Ресми жауап түскен жағдайда ол туыстарына дереу жеткізіледі. Консулдық қызмет олармен тұрақты байланыста", – деп жазды Қазақстан СІМ 4 тамызда Азаттыққа жіберген жауабында.

Әлімнұр Тұрғанбайдың отбасы 1 тамыз күні Қазақстанның Қытайдағы елшілігінен хат алған. Онда елшілік биыл шілде айында Қытайға автокөлікпен шығып, содан хабар-ошарсыз кеткен Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайдың тағдырына алаңдап отырғанын айтып, оның қайда екенін анықтауға көмектесуді сұрап, Қытайдың сыртқы істер министрлігіне, Шыңжаң Ұйғыр автономиялық аймағы мен Іле Қазақ автономиялық облысының билік орындарына ресми хат жолдағанын хабарлаған.

Осы материал жарияланғанға дейін Қытай елшілігінен Әлімнұр Тұрғанбай жөнінде ешқандай жауап келмеді.

Қытай Шыңжаң өлкесінде тұратын түркітілдес мұсылмандарды жаппай "лагерьлерге" қамап жатқаны алғаш рет 2017 жылы айтыла бастады. Кейін БҰҰ әлгі лагерьлерде миллионға жуық адам отырған болуы мүмкін деді. Осыдан соң халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Қытай билігінің аз ұлттарға қарсы жүргізіп жатқан саясатын "геноцид" деп атап, айыптады, санкция да жариялады. Алайда ресми Пекин мұны жоққа шығарып, Шыңжаңдағы саясатты "экстремизммен күрес", ал лагерьлерді "кәсіпке баулитын орталық" деп сипаттаған.

Ресми Астана Шыңжаңдағы қазақтар Қытай азаматы екенін алға тартып, бұл "Қытайдың ішкі ісі" деп, мәселеге тікелей араласа алмайтынын аңғартып келеді. Дегенмен Қазақстанның сыртқы істер министрлігі олардың арыз-шағымын қабылдап, дипломатиялық арналар арқылы тиісті хат, сұраныс жолдайды. Туыстарымен байланысуға көмектесеміз, жағдайды назарда ұстап отырмыз деп жауап береді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG